14.07.2026, 22:23
Әлем

БАҚ: Иранның экс-президенті Ахмадинежад үйқамаққа алынды

Алайда Ахмадинежадтың кеңсесі оның үйқамаққа алынғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

БАҚ: Иранның экс-президенті Ахмадинежад үйқамаққа алынды
Фото: WANA (West Asia News Agency) / Reuters

Иранның бұрынғы президенті Махмуд Ахмадинежадтың кеңсесі америкалық The New York Times газетінің саясаткер үйқамақта отыр және бұған дейін Израиль барлауымен жасырын байланыста болған деген жарияланымын ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін басылым аты-жөні аталмаған дереккөздерге сілтеме жасап, Израильдің «Моссад» барлау қызметі Ахмадинежадпен бірнеше жыл бойы құпия байланыс орнатып, Иранда билік ауысқан жағдайда оны өтпелі кезеңнің ықтимал басшысы ретінде қарастырғанын жазған.

Басылымның нұсқасы бойынша, бұл байланыстар 2022 жылы басталып, Иранның бұрынғы президенті 2023 жылы Гватемалаға барғаннан кейін жандана түскен. Газет сондай-ақ кездесулердің бірі 2024 жылы Будапештте халықаралық конференция аясында жасырын түрде өткенін мәлімдеген.

Сонымен қатар The New York Times ақпан айында соғыс басталғаннан кейін Ахмадинежадтың құпия баспанаға жеткізілгенін, кейін оның бұл жерден кеткенін жазды. Басылымның мәліметінше, саясаткер Иранның жоғарғы басшысы Әли Хаменеи жерлеу рәсіміне қатысқаннан кейін үйқамаққа алынған.

Басылым дерегінше, Израильдің Ирандағы билікті ауыстыру жоспары ақырында жүзеге аспаған.

Бұған жауап ретінде Махмуд Ахмадинежадтың кеңсесі ресми мәлімдеме таратып, The New York Times жарияланымын «түгелдей жалған» деп атады. Құжатта материал авторлары Иран қоғамында «бүлік тудыру» үшін күрделі саяси ахуал мен әскери шиеленісті пайдалануға әрекеттенгені айтылған.