13.07.2026, 23:17
Әлем

Конгода Эболадан көз жұмғандар саны 700-ден асты

Елде індет әлі де өршіп тұр: вирус жаңа өңірлерге тарап, ДДСҰ жасырын жұқтыру жағдайларының көп болуы мүмкін екенін ескертті

Конгода Эболадан көз жұмғандар саны 700-ден асты
Фото: © istockphoto.com

Конго Демократиялық Республикасында Эбола безгегінің таралуына байланысты жағдай күрделене түсті. Ресми мәлімет бойынша, қауіпті вирустан көз жұмғандар саны 700-ден асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Елдің Байланыс және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігі күшейтілген эпидемиологиялық бақылау бірден бес провинцияда – Жоғарғы Уэле, Итури, Солтүстік Киву, Оңтүстік Киву және Чопода жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Қазіргі таңда 1 926 адамның вирус жұқтырғаны расталды. Оның ішінде 318 науқас сауығып шықса, 702 адам қайтыс болды.

Конгоның денсаулық сақтау министрі Роже Камба Чопо мен Жоғарғы Уэле провинциялары бұған дейін індет тараған аумақтардың қатарына кірмегенін, алайда енді бұл өңірлер де мамандардың бақылауына алынғанын айтты.

Эболаның жаңа өршуі елде мамыр айында тіркелді. Сол кезде билік вирустың Конго аумағынан тыс жерлерге таралуы мүмкін екенін ескерткен еді. Кейін ауру жұқтырғандар көршілес Угандадан да анықталды.

Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Эбола індетін халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай деп жариялады.