АҚШ пен Иран келіссөздерінің алғашқы кезеңі аяқталды: 60 күндік «жол картасы» бекітілді

Қос тарапқа Қатар мен Пәкістан мемлекеттері делдалдық етті

АҚШ пен Иран келіссөздерінің алғашқы кезеңі аяқталды: 60 күндік «жол картасы» бекітілді
Фото: Freepik

Швейцарияда АҚШ пен Иранның жоғары лауазымды шенеуніктері арасындағы келіссөздердің алғашқы кезеңі аяқталды. Қос тарапқа Қатар мен Пәкістан мемлекеттері делдалдық етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.

Қатар Сыртқы істер министрлігі таратқан ресми ақпаратқа сәйкес, Вашингтон мен Тегеран алдағы 60 күн ішінде түпкілікті бітімге келуге алғышарт болатын «жол картасын» мақұлдаған. Тараптардың техникалық топтары арасындағы талқылаулар апта соңына дейін Бюргеншток тау шаңғысы курортында жалғасады.

Бірлескен мәлімдемеде тараптардың Ливандағы соғыс қимылдарын тоқтату механизмін бекіткені және Ормуз бұғазы арқылы коммерциялық кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында жедел байланыс желісін іске қосқаны көрсетілген.

Іс-шара барысында АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс ирандық делегациямен сәуір айында жасалған бітімгершілікті ұзарту туралы өткен аптадағы меморандум аясында келіссөздер жүргізді.

Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи әлеуметтік желідегі ресми мәлімдемесінде Тегеранның мұнай және мұнай-химия өнімдері экспортына қойылған шектеулерді жоюға, бұғатталған шетелдік активтердің бір бөлігін қайтаруға және елді дамыту жоспарын іске қосуға қол жеткізгенін хабарлады. Ақ үй әзірге бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Келіссөздер қарсаңында Fox News телеарнасы АҚШ президенті Дональд Трамптың «егер бұғаз қайта жабылса, әскери соққылардың үдей түсетінін және су жолына Вашингтонның өз бақылауын орнататынын Иран тарапына ескерткенін» жариялады.

Бұл мәлімдемеден кейін ақпарат көздері екі түрлі дерек таратты. Иранның Tasnim агенттігі Тегеран делегациясы Трамптың қоқан-лоқысынан кейін ядролық мәселелерді талқылаудан бас тартып, келіссөз залынан шығып кеткенін, тек делдалдар арқылы байланыс орнатқанын хабарлады. Reuters агенттігіне сұхбат берген америкалық дипломат бұл ақпаратты теріске шығарып, ирандық тараптың кездесуде қалғанын және Тайвань бұғазы, Ливан дағдарысы мен ядролық бағдарламаға қатысты келіссөздердің түн ортасына дейін созылғанын жеткізді.

Иран өткен жұмада Ливандағы жағдайға байланысты Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта шектейтінін мәлімдеген болатын. Kpler сараптамалық компаниясының деректері бойынша, жексенбі күні бұғаздан өткен кемелер саны 26-дан 5-ке дейін қысқарған. Ал Иранның Fars әскери агенттігі кемелерге өту рұқсаттарын беру уақытша тоқтатылғанын растады. Швейцариядағы келіссөздердің келесі кезеңі сарапшылар мен техникалық персонал деңгейінде жалғасып жатыр.