Оңтүстік Кореяда экс-президенттің артынан тағы бір лауазымды шенеунік 25 жылға сотталды
Ол бұрынғы президенттің әрекетін қолдаған
Оңтүстік Кореяның бұрынғы Әділет министрі Пак Сон Чжэ мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді деген айыппен 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Сеулдің орталық округтік соты оны сот залында бірден қамауға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Оңтүстіккореялық ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Сот экс-министрді бұрынғы президент Юн Сок Ёльдің әскери жағдай енгізу әрекетіне қатысып, «бүлік шығаруда негізгі рөл атқарған» және «билікті асыра пайдаланған» деп таныды.
Тергеу материалдарына сәйкес, Пак Сон Чжэ 2024 жылдың 3 желтоқсанында әскери жағдай жарияланған сәтте шұғыл жиын өткізген. Ол әскери режімді қолдайтын органға прокурорларды аттандыруды, тұтқындалатын саясаткерлерді қамау үшін түрмелердің дайындығын тексеруді бұйырған. Сот оның бұл әрекетін Конституцияны қорғау міндетінен бас тартып, бүлікті қолдау деп бағалады.
Айта кетейік, іс бойынша бұған дейін елдің бұрынғы премьер-министрі Хан Дак Су мен экс-Қорғаныс министрі Ким Ён Хён да сотталған болатын. Ал бүлікті ұйымдастырушы ретінде айыпталған экс-президент Юн Сок Ёль ақпан айында өмір бойына бас бостандығынан айырылып, қазір шешімді апелляцияға берген.
Сотталушының адвокаттары үкімнің нақты айғақтарға негізделмегенін алға тартып, дереу шағым түсіретіндерін мәлімдеді. Ал арнайы прокуратура тобы шешімнің заңдылығын айтып, апелляцияның нәтиже бермейтінін жеткізді.