Қазақстандық бизнесменнің ұлы Лондондағы ауданның мэрі болып сайланды
Санжар Әбішев – 33 жаста
Лондонның тарихи орталығы Сент-Джеймс (St. James) ауданында өткен сайлау қорытындысы бойынша, отандасымыз Санжар Әбішев жеңіске жетті. Бұл туралы белгілі кәсіпкер, Kusto Group компаниясының негізін қалаушылардың бірі Қанат Көпбаев желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазақ жігіт Лондондағы St. James ауданының мэры болып сайланды. Менің ескі досым, кәсіпкер Азат Әбішевтің ұлы Санжар – небәрі 33 жаста. Лондондағы атақты Malvern колледжін, сосын университет бітіріп, енді қалалық Westminster City council атқарушы органына мүше болып енді. Консервативті партия өкілі ретінде бас бәсекелес лейбористерден 350 дауысқа озып шықты. Құтты болсын Санжар Азатұлы, үлкен саяси шыңдардан көріне бер!» – деп жазды ол.
Санжар Әбішев білімін Ұлыбританиядағы беделді Malvern College колледжінде бастап, кейін университетті тәмамдаған. Оның кәсіби жолы бизнес пен маркетинг саласымен тығыз байланысты. 2016 жылдан бастап ол ірі халықаралық брендтермен жұмыс істейтін Blue Swallow Group жеке маркетингтік агенттігін басқарып келеді.
Кәсіпкерлік қызметпен қатар, ол әлеуметтік бастамаларға да белсенді көңіл бөлген. 2015 жылы түрлі әлеуметтік жобаларды қолдау мақсатында арнайы ұйым құрды. Саяси бағытта Консервативтік партияның мүшесі ретінде 2022 жылдан бастап қоғамдық жұмыстар атқарып, халықпен кездесулер өткізеді. 2024 жылы Сент-Джеймс партиялық округінің төрағасы қызметіне тағайындалып, биылғы сайлауда Вестминстер қалалық кеңесінің атқарушы органына мүше болып енді.