08.05.2026, 21:17
Әлем

Иран Ормуз бұғазы арқылы өту ережелерін өзгертпек

Иран танкерлерден арнайы декларация толтыруды талап етуге ниетті

Иран Ормуз бұғазы арқылы өту ережелерін өзгертпек
Фото: istockphoto.com

Иран Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз өту үшін танкерлер иелерін «Кеме туралы ақпарат декларациясын» толтыруға міндеттемек. Бұл туралы бейсенбі күні қолына тиісті құжат түскен америкалық CNN телеарнасы хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW-ге сілтеме жасап.

40-тан астам сұрақтан тұратын құжатты Иран билігі 5 мамырда құрған Парсы шығанағы бұғазы әкімшілігі (PGSA) әзірлеген.

Талапқа сәйкес, кеме иелері кеменің атауы мен тіркеу нөмірін, бұрынғы атауын, қай елден шыққанын және қай бағытқа бет алғанын көрсетуі тиіс. Сонымен қатар кеме иелері, операторлары мен экипаж мүшелерінің азаматтығы туралы мәлімет беру қажет. Бұдан бөлек, тасымалданып жатқан жүк туралы толық ақпаратты ашу міндеттеледі.

Барлық мәлімет Ормуз бұғазы арқылы өтпес бұрын PGSA-ның электронды поштасына жолдануы керек. CNN танысқан ұйым хатында жалған немесе толық емес ақпарат бергені үшін жауапкершілік пен оның салдары толықтай өтініш берушіге жүктелетіні айтылған.