Иранның экс-ханзадасына Берлинде шабуыл жасалды

Күдіктіні полиция қолға түсірді

Иранның экс-ханзадасына Берлинде шабуыл жасалды
Фото: AP/Markus Schreiber

Берлинде баспасөз мәслихатын берген Иранның соңғы шаһының ұлы, қазір қуғында жүрген Реза Пехлевидің желкесіне белгісіз адам қызанақ шырынын құйып жіберген. Алғашында жұрт мұны қан деп ойлап, шошып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

The Washington post басылымының жазуынша, 65 жастағы Пехлеви сасқан жоқ, костюміне шашыраған шырынға қарамастан, жақтастарына қол бұлғап, көлігіне мініп кетті. Шабуыл жасаған адам сол жерде ұсталды.

Реза Пехлеви - 1979 жылғы революцияға дейін Иранды басқарған әулеттің мұрагері. Ол 50 жылға жуық уақыт бойы қуғында жүрсе де, елдегі билік ауысқан жағдайда саяси сахнаға оралуды көздейді.

Баспасөз мәслихаты барысында Реза Пехлеви АҚШ пен Иран арасындағы оқ атуды тоқтату туралы келісімді қатаң сынап, Тегеранның ресми бағыты өзгеретініне күмән келтірді.

«Бұл келісім Иран үкіметінің саясаты кенеттен өзгереді деген жаңсақ сенімге сүйенген. Мен дипломатияға мүмкіндік берілмесін демеймін, бірақ оған жеткілікті уақыт пен мүмкіндік берілді деп есептеймін», - деді ол.

Пехлевидің айтуынша, Иранда соңғы екі аптада 19 саяси тұтқын өлім жазасына кесілген. Сондықтан Еуропа елдері Ирандағы демократия үшін күресіп жатқан халықты белсендірек қолдауы тиіс.

Иранның экс-ханзадасы Батыс елдерінен қолдау іздеп жүргенімен, Берлинде оны ресми деңгейде ешкім қабылдаған жоқ.