Жапония қару-жарақ экспортына салынған тыйымды алып тастады
Бұл Жапонияның соғыстан кейінгі бейбітшіл саясатынан бас тартқанын білдіреді
Жапония қорғаныс саласындағы жаңа реформасын таныстырды. Ел үкіметі қару-жарақ экспортына қойылған шектеулерді жойып, әскери кемелер, ракеталар және басқа да қару түрлерін шетелге сатуға бел буған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Reuters агенттігінің жазуынша, осылайша Жапония соғыстан кейінгі бейбітшіл саясатынан бас тартып отыр. Токио қару-жарақ экспорты арқылы елдің қорғаныс-өнеркәсіп базасын күшейтіп, өндіріс көлемін арттырып, қарудың өзіндік құнын төмендетпек.
Украина мен Таяу Шығыстағы соғыстар АҚШ-тың қару өндіру саласына салмақ салды. Осы ретте Еуропа мен Азиядағы АҚШ-тың одақтастары Жапонияны жаңа жеткізуші ел ретінде көріп отыр.
Премьер-министр Санаэ Такаичидің айтуынша, қазіргі уақытта ешбір ел өз қауіпсіздігін жалғыз қорғай алмайды, сондықтан серіктес елдермен әскери жабдықтар алмасу өте маңызды.
Бұған дейін Жапония тек құтқару, тасымалдау және минадан тазарту сияқты бес санаттағы жабдықтарды ғана сата алатын. Жаңа заң бойынша, үкімет әрбір келісімді жеке бағалап, кез келген әскери техниканы сатуға рұқсат бере алады. Алайда, қақтығыс болып жатқан елдерге қару сатуға әлі де тыйым салынған.
Филиппин билігі бұл реформаны бірден құптады. Филиппин қорғаныс министрі Гильберто Теодороның пікірінше, Жапонияның әскери өнімдері қолжетімді болған сайын, аймақтағы тұрақтылық нығая түспек. Сондай-ақ Манила Жапониядан пайдаланылған әскери кемелерді сатып алуды жоспарлап отыр.
Жапония тек қару сатып қана қоймай, өзінің әскери қуатын да арттыруды қолға алды. Қазіргі уақытта Токио Ұлыбританиямен және Италиямен бірлесіп, 2030 жылдардың ортасына қарай пайдалануға берілетін жаңа буындағы жойғыш ұшақты жасап жатыр. Сондай-ақ, елдің қорғаныс бюджеті ЖІӨ-нің 2%-ына дейін ұлғайтылды.