Израиль билігі өз сарбазының Ливандағы арсыз әрекеті үшін кешірім сұрады
Әскери қолбасшылық оқиғаға қатысты тексеріс жүргізіп жатыр
Ливанның оңтүстігіндегі христиандар тұратын ауылда израильдік сарбаздың Иисус Христостың мүсінін қиратып, қорлағаны түсірілген фотосурет халықаралық деңгейде үлкен дау тудырды. Бұл оқиғаны Израиль басшылығы, АҚШ билігі және шіркеу өкілдері қатаң айыптады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде израильдік сарбаздың балтамен Иисус Христостың мүсінін шауып жатқан суреті тарады. Reuters агенттігі бұл жағдайдың Ливанның оңтүстігіндегі Дебель қаласында болғанын растады. Қиратылған крест жергілікті тұрғындардың бірінің бақшасында тұрған.
«Сарбаз кресті сындырып, біздің қасиетті нышанды қорлап, сұмдық әрекетке барды», - деді Дебель ауылының діни қызметкері Фади Фальфель.
Иерусалим кардиналы Пьербаттиста Пиццабалла бастаған католик қауымдастығы бұл әрекетті «христиан сеніміне жасалған ауыр қорлық» және адамгершілік тәрбиенің құлдырауы деп атады.
Израильдің Сыртқы істер министрі Гидеон Саар кешірім сұрап, сарбаздың қылығын «ұятты» деп бағалады. Әскери қолбасшылық оқиғаға қатысты тексеріс жүргізіп жатыр.
Қазіргі таңда Дебель - Израиль бақылауына өткен Ливанның ондаған ауылдарының бірі. Өткен бейсенбіде АҚШ-тың араласуымен Израиль мен «Хезболла» арасында атысты тоқтату туралы келісім жасалған болатын. Алайда жергілікті тұрғындар әлі де қоршауда қалып отырғандарын, қалаға еркін кіріп-шыға алмайтындарын айтып шағымданған.