Ресейде жолаушылар пойызы рельстен шығып кетіп, 22 адам зардап шекті

Олардың арасында бір бала бар

Ресейде жолаушылар пойызы рельстен шығып кетіп, 22 адам зардап шекті
Фото: telegram/112

Ресейдің Ульянов облысындағы Бряндин станциясының маңында Мәскеу-Челябинск бағытындағы №302 жолаушылар пойызы апатқа ұшырады. Ресей теміржолының мәліметінше, құрамның 7 вагоны рельстен шығып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға кезінде пойызда 415 жолаушы болған. Соңғы мәліметтерге қарағанда, кем дегенде 22 адам зардап шекті, олардың арасында бір бала бар. Төтенше жағдай салдарынан екі жолаушының аяғы сынған, қалғандары жеңіл жарақат алған. Өлім дерегі жоқ.

Алдын ала болжам бойынша, апатқа рельстің сынып кетуі себеп болған. Қазіргі таңда аталған учаскеде пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылды. Оқиға орнында жедел қызмет өкілдері мен апаттар медицинасы бригадалары жұмыс істеп жатыр.

Теміржол басшысы Олег Белозеров бастаған жедел штаб құрылды. Зардап шеккен жолаушыларды жақын маңдағы Ульяновск қаласына жеткізу үшін арнайы вагондар бөлінді. Орталық вокзалда медициналық көмек көрсету пункті ұйымдастырылып, жолаушыларды межелі жеріне жеткізу мәселесі қарастырылуда.

Аталған факті бойынша көлік прокуратурасы мен Тергеу комитеті тексеріс бастады.