7 жасар оқушысын жауыздықпен өлтірген: мұғалім өмір бойына сотталды
Ол қылмысты алдын ала жоспарлаған
Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты өткен жылы Тэджон қаласында болған сұмдық оқиғаға қатысты соңғы үкімді шығарды. Өз оқушысын қатігездікпен өлтірген 49 жастағы мұғалім Мён Чжэ Ван өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу мәліметінше, өткен жылдың ақпан айында бастауыш сынып мұғалімі 7 жасар қызды алдап сыныпқа кіргізіп, алдын ала дайындап әкелген пышақпен бірнеше жерден жарақаттаған. Оқушы алған жарақаттарынан көз жұмды. Сондай-ақ, бұл оқиғаға дейін мұғалімнің мектеп мүлкін бүлдіріп, әріптестеріне де шабуыл жасағаны анықталды.
Сот залында айыпталушы өз кінәсін мойындағанымен, қылмыс жасаған сәтте «жүйкесі сыр беріп, есі ауысқанын» айтып ақталуға тырысты. Прокурорлар оны өлім жазасына кесуді талап еткен еді. Алайда сот оның уәжін негізсіз деп тапты.
Жоғарғы сот айыпталушының қылмысты мұқият жоспарлағанын, ізін жасыруға тырысқанын және тергеу кезінде болған жайтты егжей-тегжейлі баяндап бергенін алға тартып, оның іс-әрекетіне толық есеп бергенін нақтылады.
«Бастауыш сынып мұғалімі ретінде баланы қорғауға тиіс адам мектеп қабырғасында 7 жасар қызды аса қатыгездікпен өлтірген. Қылмыс алдын ала жоспарланған және зұлым әдіспен жүзеге асырылған», - делінген сот шешімінде.
Сот үкіміне сәйкес, ол өмірінің соңына дейін түрмеде отырады. Егер ол болашақта мерзімінен бұрын бостандыққа шығатын болса, тағы 30 жыл бойы электронды білезік тағып, қатаң бақылауда болады. Қылмыскер оқиғадан кейін көп ұзамай білім басқармасынан жұмыстан шығарылған.