«Әйелдерді арнайы тексереді»: Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасында не өзгереді
Трансгендерлер мен XY-хромосомалық жиынтығы бар спортшылар ерлер санатында бақ сынай алады
Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) әйелдер спортын қорғаудың жаңа ережелерін бекітті. Атқарушы кеңес бекіткен бұл ережелер Лос-Анджелестегі 2028 жылғы Олимпиада ойындарынан бастап қолданысқа енгізіледі және оның кері күші болмайды. Жаңа құжатқа сәйкес, ХОК аясындағы барлық жарыста, мейлі ол жекелей немесе командалық спорт болсын, әйелдер санатына қатысу құқығы тек биологиялық әйелдермен шектеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
SRY гені арқылы іріктеу
Әйелдер санатына жіберу критерийі, ең алдымен, ағзада SRY генінің бар-жоғын анықтау арқылы жүзеге асырылады. Ғылыми деректерге сүйенген ХОК бұл геннің болуы спортшының еркек жынысты болып жетілгенінің бұлжытпас айғағы деп санайды. Егер тест нәтижесі теріс болса, спортшы әйелдер санатында өнер көрсетуіне өмір бойына рұқсат алады.
Ерекше жағдайлар:
Андрогенге толық сезімтал еместік синдромы (CAIS) немесе жыныстық дамудың басқа да сирек ерекшеліктері (DSD) бар спортшыларға қатысты жекелеген ережелер қарастырылған.
SRY гені бар трансгендерлер мен XY-хромосомалық жиынтығы бар спортшылар ерлер санатында немесе жыныстық шектеуі жоқ ашық санаттарда бақ сынай алады.
«Бұрынғы спортшы ретінде мен әділ бәсекелестік құқығын қолдаймын. Олимпиадада тіпті ең аз айырмашылықтың өзі жеңімпазды анықтап жатады. Сондықтан биологиялық ер адамдардың әйелдермен жарысуы әділетсіз ғана емес, кейбір спорт түрлерінде қауіпті», - деді ХОК мүшесі әрі танымал спортшы Кирсти Ковентри.
Бұл саясат не үшін қажет болды?
Құжат әйелдер спортын қорғау жөніндегі жұмыс тобының 2024-2026 жылдар аралығындағы зерттеулері негізінде әзірленді. Зерттеулер еркек жынысының күш, қуат және төзімділік талап етілетін спорт түрлерінде айқын басымдық беретінін көрсеткен.
Жаңа саясат спортшының ар-намысы мен жеке өміріне қол сұқпау қағидаларын қатаң сақтайды. Айта кетерлігі, бұл ережелер тек кәсіби спортқа қатысты, ол бұқаралық немесе әуесқой спортты қамтымайды.
Бұл мәлімдеме ХОК-тың бұған дейін қабылданған гендерлік бірегейлік пен инклюзивтілік туралы барлық құжаттарының орнына жүреді.