Трамп Иранның жаңа басшысына қатысты мәлімдеме жасады
Ол жоғарғы көсемінің тірі екеніне күмән келтірді
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран Ислам республикасының жаңа басшысына қатысты мәлімдеме жасады. NBC News телеарнасына берген сұхбатында ол Иранның жаңа көсемі Моджтаба Хаменеидің жағдайы белгісіз екенін алға тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Оны әлі ешкім көрген жоқ»
Ақ үй басшысының айтуынша, Иранның жаңа басшысының халық алдына шықпауы көп күмән тудырып отыр.
«Оның тірі екеніне сенімді емеспін. Әзірге оны ешкім көрмеді. Соңғы қауесеттерге қарағанда, ол қайтыс болған болуы мүмкін. Егер ол тірі болса, өз елі үшін ақылға қонымды қадам жасауы керек, яғни берілуі тиіс», – деді Дональд Трамп.
Трамп қазіргі уақытта Иранмен соғысты тоқтату туралы келісімге келуге дайын емес екенін ашық айтты. Оның айтуынша, Тегеран ұсынған шарттар Вашингтон үшін тиімсіз.
Трамптың ұстанымы:
Кез келген келісім «өте сенімді» болуы тиіс.
Иран мәміле жасауға мүдделі болғанымен, АҚШ шарттардың жақсарғанын күтеді.
Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаменті Иранның жаңа басшысы мен басқа да лауазымды тұлғалары туралы ақпарат бергендерге 10 миллион долларға дейін сыйақы тағайындаған болатын.
Иранның жаңа басшысы кім?
Еске сала кетейік, бұған дейін Иран билігі марқұм Әли Хаменеидің екінші ұлы, 56 жастағы Моджтаба Хаменеидің жаңа жоғарғы көсем болып сайланғанын хабарлаған еді.