«Ең жойқын операция»: Иран Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери базаларына шабуылын қайта бастады
Бұл туралы Иран Ислам революциясының сақшылар корпусы мәлімдеген
Иран Ислам революциясының сақшылар корпусы 35-ші соғыс қимылдарының басталғанын хабарлады. Мәлімдемеге сәйкес, Иран Қатардағы Аль-Удейд, Кувейттегі Арифджан және Ирактағы Харир америкалық базаларына зымырандармен соққы берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
ISNA мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, «жаппай соққы» аймақтағы АҚШ-тың Бесінші әскери-теңіз флотын да нысанаға алған және «АҚШ армиясының жедел инфрақұрылымы жойылған». Тағы бір хабарламада бұл шабуыл соғыс басталғалы бергі «ең жойқын операция» деп аталған.
Қатар мен Сауд Арабиясы өз әуе базалары мен мұнай кен орындарына бағытталған зымырандар мен дрондарды атып түсіргенін хабарлады. Біріккен Араб Әмірліктері шабуылдарға қарымта жауап беріп жатқанын айтса, Бахрейн билігі тұрғындарды шұғыл түрде қауіпсіз жерлерге тығылуға шақырды. Ұлыбританияның теңіз қауіпсіздігі қызметі Ормуз бұғазында белгісіз снаряд тиген жүк кемесінде өрт шығып, экипаж эвакуацияланғанын растады.
АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) түнде Ормуз бұғазы маңында 16 ирандық мина қоюшы кеменің жойылғанын мәлімдеді.