Әлемдік жұлдыздардың үйін сатумен айналысқан: ағайынды риэлторлар жылдар бойы әйелдерге айуандық жасаған
Олардың ішінде кәмелетке толмаған қыздар болған
Жылжымайтын мүлік саласында танымал болған америкалық ағайындылар ондаған жылдар бойы әйелдерге есірткі беріп, зорлап келген. Олар өмір бойына сотталуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Алқабилер соты Нью-Йорк пен Майамидегі элиталық жылжымайтын мүлік саудасы арқылы аты шыққан 39 жастағы Тал Александр мен 38 жастағы Орен Александрды және олардың тағы бір бауыры 38 жастағы Алонды «сексуалдық қанау мақсатында адам саудасын жасағаны үшін» кінәлі деп тапты. Оларға 10 бап бойынша айып тағылды.
Прокуратураның мәліметінше, дәулетті ағайындылар әйелдерді салтанатты кештер мен сәнді үйлерге алдап шақырып, арам ойын іске асырып отырған.
Бес аптаға созылған сот процесінде 11 әйел куәлік етті. Олардың кейбірі оқиға кезінде кәмелетке толмаған. Жәбірленушілер ағайындылардың өздеріне сыйлықтар беріп, кештерге апарғанын, сонда сусындарына есірткі қосып, кейін зорлық-зомбылық көрсеткенін айтып берді.
Тал мен Орен Александрлар кезінде Douglas Elliman компаниясында жұмыс істеп, Лиам Галлахер, Линдси Лохан, Ким Кардашьян және Канье Уэст сияқты жұлдыздардың үйлерін сатумен айналысқан ең танымал агенттер болды. 2022 жылы олар өздерінің Official фирмасын құрды. Ал тағы бір бауырлары Алон отбасылық Kent Security күзет компаниясында жұмыс істеген.