«Зымыран емес»: Германияға метеорит құлады
Аспан денесінің сынықтары бірнеше үйдің шатырына зақым келтірді
Германиядағы бірнеше үйді аспанда жанып үлгермеген метеорит сынықтары бүлдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі DW-ге сілтеме жасап.
Оқиға Рейнланд-Пфальц федералдық жеріндегі Кобленц қаласында, сондай-ақ Хунсрюк пен Айфель таулы аймақтарында тіркелген. Кобленцтің Гюльс ауданындағы үйлердің бірінің шатырына «жұлдыз ағып» түскен. Тұрғындар аспандағы ерекше жарықты көріп, әлеуметтік желілерге видеолар салған.
Полицияның мәліметінше, ешкім зардап шекпеген. Құқық қорғау органдары мұның зымырандарға қатысы жоқтығын мәлімдеді.
Айта кетсек, метеориттер – жер атмосферасына енген кезде ұсақ бөлшектерге бөлінетін астероид сынықтары. Олардың кейбірі жанып кетсе, кейбірі жерге түседі. Бұған дейін, 2024 жылы қаңтарда Берлин маңына диаметрі бір метрлік метеорит құлаған. 2023 жылы Шлезвиг-Гольштейнде салмағы 3,7 келі болатын метеорит табылған еді. Коллекционерлер оны сатып алу үшін 200 мың еуро ұсынған.