Жаңа жыл қарсаңыңда терракт жасамақшы болған: Стамбұлда 115 күдікті ұсталды
Тінту кезінде қару-жарақ, оқ-дәрі және құжаттар тәркіленді
Стамбұлда терроризмге қарсы ауқымды операция өтіп, 137 адамды қамауға алуға ордер берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еuronews мәліметінше, шара барысында 124 мекенжай тексеріліп, 115 күдікті ұсталған. Тінту кезінде қару-жарақ, оқ-дәрі және құжаттар тәркіленді.
Стамбұл Бас прокуратурасының мәліметінше, күдіктілер Рождество мен Жаңа жыл мерекесі қарсаңында теракт ұйымдастыруды жоспарлаған және Сириядағы қақтығыс аймақтарында жүрген «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының мүшелеріне қаржылай көмек көрсеткен. Кейбір ұсталғандар бұған дейін терроризм бойынша ұлттық және халықаралық іздеуде болған.
Сонымен қатар Анкараның Бас прокуратурасы «Ислам мемлекеті» лаңкестік тобының қаржылық құрылымын тергеу аясында 10 күдіктіні ұстауға ордер берді. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, олар терроризмді қаржыландырған.
Қашып жүрген күдіктілерді ұстау жұмыстары жалғасып жатыр.