Бразилияның экс-президенті Жаир Болсонару түрмеде жазасын өтеуді бастады
Ол 27 жылға сотталған
Бразилияның Жоғарғы соты елдің бұрынғы президенті Жаир Болсонарудың барлық апелляциялық мүмкіндігін пайдаланып болғанын мәлімдеді. Сондықтан төңкеріс жасауға талпыну ісі бойынша айыпталған ол түрме жазасын өтеуді бастады, деп хабарлайды Azattyq Ryhy ВВС-ге сілтеме жасап.
27 жыл 3 айға сотталған Болсонару өткен аптада полиция изоляторына жеткізілді. 70 жастағы экс-президент 12 шаршы метрлік камерада отыр. Камерада теледидар, шағын тоңазытқыш және кондиционер бар.
Болсонаруға қыркүйек айында үкім шыққан. Тергеу дерегінше, ол 2022 жылғы сайлаудан кейін Бразилияның қазіргі президенті Луис Инасиу Лула да Силваның қызметіне кедергі келтіруге арналған құпия жоспарға қатысқан. Алайда жоспар жоғары әскери басшылықтан қолдау таппай, орындалмай қалған.
Жаир Болсонару - 2019–2022 жылдары Бразилия президенті болды. Ол өзін саяси қудалаудың құрбаны деп санайды.