Семейде қоқыс контейнерінен табылған сәби үсіп өлді: әкесі өмір бойына сотталды
Жаңа туған нәрестені қоқыс жәшігіне тастап кеткен
Абай облысында Семей қаласындағы қоқыс контейнерінен мәйіті табылған нәрестенің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңір прокуратурасына сілтеме жасап.
Қылмыстық істі Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сотқа дейінгі тергеу барысында оқиғаның мән-жайы мен қылмысқа қатысы бар адамдар анықталды. Сот анықтағандай, бала дүниеге келгеннен кейін ер адам жаңа туған нәрестені алып кетіп, қоқыс контейнеріне тастап кеткен.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, нәресте тірі туған. Оның өліміне денесінің қатты суып кетуі себеп болған.
«Сот талқылауының қорытындысы бойынша ер адам Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігімен (кәмелетке толмаған баланы өлтіру) кінәлі деп танылды. Сот оған осы баптың санкциясында көзделген жалғыз жаза түрін – қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – деп мәлімдеді ведомство.
Баланың анасы ҚР Қылмыстық кодексінің 100-бабы – ананың жаңа туған баласын өлтіру бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза төрт жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Қылмыстық кодекстің 55-бабының ережелерін ескере отырып, сот әйелге екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Алайда әйел жазасын өтеуге міндетті емес. Себебі қылмыс орташа ауырлықтағы санатқа жатады және рақымшылық жасау туралы актінің қолданысына кіреді. Осыған байланысты әйел тағайындалған жазадан босатылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.