Дүкенге тоқаш алуға кеткен 10 жастағы қыз көз жұмды: Ақтөбеде сот басталды
10 жастағы Катя жол апатынан кейін 20 күн бойы ауруханада жатып көз жұмған. Жүргізуші кінәсін ішінара мойындап отыр
Ақтөбеде 10 жастағы қыздың өліміне қатысты сот процесі басталды. Ол жазда үйінің маңында такси көлігінің астына түсіп, ауруханада 20 күн жатып көз жұмған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «31-арна»-ға сілтеме жасап.
Айта кетейік, Ақтөбеде 10 жастағы қызды көлік қағып кеткен. Оқиғадан кейін бала комаға түсіп, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқан.
Телеарнаның мәліметінше, жол апаты 2 тамызда болған. Араға 20 күн салып, қыз есін жимастан ауруханада көз жұмған.
Марқұмның анасы Светлана Розбахтың айтуынша, оқиға болған күні қызы Катя үйден 50 метр жердегі дүкенге баруға рұқсат сұраған. Ол келесі күні балаларға арналған би лагеріне өзімен бірге алып бару үшін тоқаш сатып алмақ болған.
Әйелдің сөзінше, қызына жолдан өту қажет болмаған. Себебі дүкен отбасы тұратын жеке үй орналасқан көшенің бойында болған. Анасы қызды қайтар жолда көлік қағып кеткен деп есептейді.
«Біз ең қымбатымыздан айырылдық. Ол – отбасымыздың тұңғышы, менің қызым еді. Би үйірмесіне қатысып, театр үйірмесіне баратын. Өте белсенді, ақылды әрі зерек бала болатын. Сол сәтте не болғанын білмеймін. Бейнежазбадан көліктің қатты жылдамдықпен келе жатқанын көруге болады. Жүргізушінің жылдамдығы сағатына 40 шақырым болды дегенмен келіспеймін», – деді Ақтөбе тұрғыны Светлана Розбах.
Жол апаты бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Жазбада соққының қатты дыбысы естіліп, көліктің баланы қағып кеткені көрінеді. Марқұмның анасының айтуынша, алғашқы көмекті көршісі мен сол маңнан өтіп бара жатқан адам көрсеткен. Олар жедел жәрдем шақырып, болған жағдайды Катяның әкесіне де хабарлаған.
Ақтөбе прокуратурасының прокуроры Айбек Шоқпаровтың айтуынша, жүргізуші кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні көлікпен басып өтіп, қозғалысын жалғастырған. Одан кейін қоқыс контейнері мен жаяу жүргіншілер өткелінің жол белгісін соққан соң ғана көлігін тоқтатқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан дене жарақатын алған кәмелетке толмаған бала жансақтау бөліміне жеткізілді», – деді прокурор.
Сот отырысында автопарктен көлікті жалға алған айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындайтынын мәлімдеді. Алайда көлікті сағатына 40 шақырымнан жоғары жылдамдықпен жүргізгенімен келіспейтінін айтты.
«Менің сағатына 40 шақырым жылдамдықпен жүргенім GPS-триггер арқылы дәлелденді. Сондай-ақ жағдайды алдын ала болжауға мүмкіндігім болған жоқ. Ол келе жатқан көліктердің арасынан кенеттен жүгіріп шықты. Мұны болжай алмадым. Бұл аула ішінде болған оқиға емес қой», – деді сотталушы.
Телеарнаның мәліметінше, марқұмның отбасы ауыр қайғыны бастан өткеріп жатыр. Қыздың әкесінің жүрегінде кінәрат пайда болған. Отбасы сотталушының кешірімін қабылдамаған. Ерлі-зайыптылар моральдық шығынды өтеу туралы талап арыз берген.
Іс жүргізушінің жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы салдарынан абайсызда бір адамның өліміне әкеп соғу бабымен қаралып жатыр. Бұл бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
