Қарияны автобустан түсіріп кетіп, азық-түлігін таптаған: Қарағандыда жүргізуші жазаланды

Қарияны автобустан түсіріп кетіп, азық-түлігін таптаған: Қарағандыда жүргізуші жазаланды
Фото: instagram.com/ekaraganda.kz

Қарағандыда қарт жолаушыны автобустан түсіріп, азық-түлік салынған қораптарының үстінен басып өткен жүргізушінің әрекеті қоғамда наразылық тудырды. Әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты полиция тексеру жүргізіп, жүргізушіге айыппұл салды. Сонымен қатар ол жұмыстан шеттетіліп, қызметтік тексеру басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Оқиға базар маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, автобус жүргізушісі көкөніс пен жеміс-жидек салынған бірнеше қорап пен сөмкені алып келе жатқан егде жастағы жолаушының көлікке мінгеніне наразы болған. Ол қариядан автобустан түсуді талап етіп, азық-түлік салынған сөмкелерін жолға шығарып тастаған.

Алайда оқиға мұнымен аяқталмаған. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, жүргізуші жолда қалған қораптардың үстінен автобуспен жүріп өткен. Салдарынан ішіндегі алма мен қызанақ асфальтқа шашылып, бір бөлігі автобустың және басқа көліктердің дөңгелегінің астында қалған.

Оқиға куәгерлері автобустың сол кезде жартылай бос болғанын, ал қарияның басқа жолаушыларға кедергі келтірмегенін айтады. Қала тұрғындарының наразылығын тудырғаны – жүргізушінің қарт адамға көрсеткен дөрекі қарым-қатынасы.

Қарағанды қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, қоғамдық көлік жүргізушісінің мұндай әрекетіне жол берілмейді. Ведомство жүргізушінің бағыттан алынып, жұмыстан шеттетілгенін хабарлады. Оқиғаның мән-жайы анықталғаннан кейін оны қызметтен босату мәселесі қаралады.

Сонымен қатар ақпарат полиция органдарына жолданып, жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтыру тапсырылған.

Қарағанды облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, әлеуметтік желіде тараған видеоға байланысты тексеру жүргізілген. Полицейлер №145 бағыттағы автобустың 40 жастағы жүргізушісінің жеке басын анықтап, оны бөлімшеге жеткізген.

«Жанжалға зейнеткердің жүгі себеп болған. Жүргізуші одан автобустан түсуді талап етіп, азық-түлік салынған сөмкелерін жолға шығарып тастаған. Жүргізушінің дөрекі әрекетінен қораптар жыртылып, ішіндегі алма мен қызанақ асфальтқа шашылған. Оларды жолдан өтіп бара жатқан көліктер мен автобустың өзі басып кеткен», – деп мәлімдеді полиция.

Ведомствоның мәліметінше, жүргізушіге жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын сақтамағаны үшін 21 625 теңге айыппұл салынған. Әкімшілік материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Сот шешімі шыққанға дейін ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Ал автобус тиесілі №5 автопарк басшылығымен де түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Тасымалдаушыға жүргізушілердің жұмысын бақылауды күшейтіп, жолаушыларға қызмет көрсету мәдениеті мен оларға құрметпен қарау мәселесі бойынша қосымша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылған.

Автопарк өкілдері де оқиғаға қатысты қызметтік тексеру басталғанын растады. Қазір автобус салоны мен сыртқы бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп жатыр. Тексеру аяқталғаннан кейін қабылданған шаралар туралы ресми ақпарат берілмек.

Оқиғаның мән-жайын полиция да анықтап жатыр.