Маңғыстаулық әйел әкімдікке пышақ алып кірмек болған: оқиғаның мән-жайы белгілі болды
Әйел күзет тексерісі кезінде қолын кесіп алып, сот шешімімен 86 500 теңге айыппұл төледі
Маңғыстау облысы әкімдігіне шағын пышақ алып өтпек болған әйел күзет тексерісі кезінде қолын кесіп алған. Сот оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 86 500 теңге айыппұл төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 6 қарашада болған. Бұл туралы Instagram парақшасында қоғам белсендісі әрі блогер Диляра Турина айтты.
Оның айтуынша, әйелге медициналық көмек көрсетілген. Оқиғаға байланысты оған қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша хаттама толтырылған.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиғаны растады. Ведомство мәліметінше, әйелге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша хаттама жасалған. Сот шешімімен оған 86 500 теңге айыппұл салынды.
Ал Маңғыстау облысының әкімдігі оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартты.