Балалар алаңында баланы ұрып-соққан: Қостанай облысында ер адам жазаланды
Қыркүйекте Сатай ауылында болған оқиғаға қатысты сот ер адамды 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартты
Қостанай облысында балалар алаңында кәмелетке толмаған баланы ұрып, денсаулығына зиян келтірген ер адамға сот үкімі шықты. Ол 100 сағат қоғамдық жұмыс атқаруға міндеттелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Ұзынкөл аудандық соты ер адамға қатысты қылмыстық істі қараған. Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылдың қыркүйегінде Сатай ауылындағы балалар алаңында болған.
Жеке бас араздығы салдарынан туындаған жанжал кезінде айыпталушы кәмелетке толмаған баланың сол жақ кеуде тұсын соғып, денесін жарақаттаған. Салдарынан бала физикалық ауырсыну сезінген.
Сот отырысында прокурор ер адамды қоғамдық жұмысқа тартуды сұрады. Ал айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған.
Жаза тағайындау кезінде сот оның шын жүректен өкінгенін, бұған дейін қылмыстық құқық бұзушылық жасамағанын және кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескерген. Іс бойынша жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот ер адамға 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады. Сонымен қатар алты ай мерзімге оның мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленді. Атап айтқанда, сотталған азаматқа жәбірленушінің еркінен тыс оны іздеуге, аңдуға, кездесуге баруға, ауызша немесе телефон арқылы сөйлесуге, сондай-ақ өзге де жолдармен байланыс орнатуға тыйым салынды.
Бұдан бөлек, ер адам жәбірленуші тарапқа моральдық зиян мен материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.