Алматыда көлік тізгініндегі әдепсіз әрекеті үшін әйелге бірнеше хаттама толтырылды

Әйелдің көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды 

Алматыда көлік тізгініндегі әдепсіз әрекеті үшін әйелге бірнеше хаттама толтырылды
Фото: istockphoto.com

Алматыда полиция әлеуметтік желіде жол қозғалысы ережелерін бұзған видеосын жариялап, жазасыз қалатынын мәлімдеген жүргізушіні тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, тексеру барысында әйелдің бұған дейін сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталған.

Жарияланған видеода әйелдің қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізгені және бұл талапты орындаудан бас тартқаны көрінеді. Бейнежазба тарағаннан кейін полиция қызметкерлері оның жеке басын анықтап, көлігін тоқтатқан.

Әйелге бірнеше құқықбұзушылық бойынша әкімшілік іс қозғалды. Атап айтқанда, ол көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған, қауіпсіздік белдігін пайдалану ережесін бұзған, сот шешімін орындамаған және жалған ақпарат таратқан.

Жиналған материалдар сотқа жолданды. Ал автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.

Бұдан бөлек, көлік иесі жүргізуші куәлігінен айырылған адамға көлікті басқаруға бергені үшін де жауапкершілікке тартылды.