33 мың теңгелік көйлек дауға себеп болған: Өскемен тұрғыны ақшасын қайтарып алды

Интернет арқылы тапсырыс берген көйлек әйелге үлкен болып шыққан. Іске Тұтынушы құқығын қорғау департаменті араласты

33 мың теңгелік көйлек дауға себеп болған: Өскемен тұрғыны ақшасын қайтарып алды
Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны өзіне үлкен болып шыққан көйлек үшін төлеген 33 мың теңгесін қайтарып алды. Әйел киімді интернет арқылы тапсырыс бергенімен, оған өлшемі сәйкес келмейтін тауар жеткізілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

YK-news.kz басылымының мәліметінше, әйел 33 мың теңгеге көйлек сатып алған. Алайда сәлемдемені алған кезде сатушының оған өзіне қарағанда үлкен өлшемдегі киім жібергені анықталған.

Сатып алушы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен көмек сұраған.

Ведомство маманы сатушымен түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заң талаптарын сақтау қажеттігін ескерткен. Нәтижесінде әйелге сатып алған тауарының ақшасы қайтарылды.

Департамент өкілдері интернет арқылы тапсырыс берілген тауарды алған кезде оның сатып алу шарттарына сәйкестігін тексеру маңызды екенін еске салды. Атап айтқанда, өлшеміне, түсіне, жиынтығына және басқа да сипаттамаларына назар аудару қажет.

«Даулы жағдай туындаса, ең алдымен сатушыға тиісті талаппен жүгіну керек», – деп атап өтті ведомство өкілдері.