«Ол өмірі үшін күресті»: Семейде Дильназ Жұмағұлованы өлтірген жігітке сот үкімі шықты

Марқұмның туыстары істі аса қатыгездікпен адам өлтіру бабы бойынша қайта саралауды сұраған. Алайда сот бұл талапты қанағаттандырмады

«Ол өмірі үшін күресті»: Семейде Дильназ Жұмағұлованы өлтірген жігітке сот үкімі шықты
КТК телеарнасының видеосынан скриншот

Семейде 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы жігіті 14 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасының сайтына сілтеме жасап.

Сот марқұмның туыстары талап еткен істі аса қатыгездікпен адам өлтіру бабы бойынша қайта саралаудан бас тартты.

Дильназ Жұмағұлова 20 жаста болған. Қайғылы оқиға 13 шілдеге қараған түні Абай облысы Бородулиха ауылында болған. Қыз мектеп кезінен таныс бұрынғы жігітімен жанжалдасқан.

Сотта айтылған мәліметке сәйкес, жанжал кезінде Дильназ алдымен жігіттің бетінен шапалақпен ұрған. Ол қызға жауап ретінде соққы жасап, кейін пышақ алып шыққан. Алдымен қыздың мойнына жарақат салып, артериясын зақымдаған. Одан кейін бірнеше рет пышақ сұғып, басынан ұрған.

Қылмыстан кейін ер адам мәйітті жасыру үшін сүйреп әкетуге тырысқанымен, ақырында оны жолдың ортасында қалдырған. Алайда сот істен аса қатыгездік белгілерін анықтамады.

«Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді судья Нияз Хасенбаев.

Бұдан бөлек, сотталған азамат марқұмның туыстарына 20 миллион теңге моральдық өтемақы, 1 миллион теңгеден астам материалдық шығын және өкілдік қызметтерге жұмсалған 500 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Дильназдың ата-анасы сот үкіміне апелляциялық шағым түсіре ме, әзірге белгісіз.

Марқұмның әкесі Сабыржан Темірхан сот шешіміне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша қаралғандықтан, отбасы тағайындалған жазаға қатысты шешімді қабылдаған. Бұл бап бойынша жаза мерзімі 8 жылдан 15 жылға дейін белгіленген. Прокурор 14 жыл 6 ай сұраған, ал сот 14 жыл берген.

«Мен жоғары тұрған органдарға жүгінемін. Заңгерлермен де кеңесемін. Ол өмірі үшін күресті. Екі жерде күрес іздері болған, содан кейін ол оған пышақпен соққы жасаған», – деді Сабыржан Темірхан.

Сот отырысында айыпталушының кінәсі толық дәлелденгені айтылды. Алайда ол кінәсін ішінара ғана мойындаған.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптардың апелляциялық шағым түсіруге уақыты бар.