Абай облысында 20 жастағы қызды өлтіру ісі бойынша сот басталды
Марқұмның туыстары істі «аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабына қайта саралауды сұрап отыр
Абай облысында 20 жастағы Ділназ Жұмағұлованы қатыгездікпен өлтірді деген іс бойынша сот басталды. Тергеу нұсқасы бойынша, қыздың бұрынғы жігіті оған пышақпен 12 рет соққы жасаған. Күдікті сол кезде бірден қамауға алынған. Алайда марқұмның отбасы сотталушының тым жеңіл жаза алып кетуінен қауіптенеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
КТК мәліметінше, адам өлімі 13 шілдеде Бородулиха ауылында болған. Жергілікті тұрғын жолдың үстінен пышақ жарақаттары бар қыздың денесін тауып алған. Кейін Ділназ бен оның бұрынғы жігіті арасында жанжал болғаны анықталды. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ол қызға артқы қалтасында алып жүрген жиналмалы пышағымен шабуыл жасаған.
«Біз бұл баптың объективті емес деп санаймыз. Біз Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі бойынша саралауды сұрадық. Бірақ, өкінішке қарай, жалғыз баламызға қатысты аса қатыгездік жасалмаған деп шешілген. Ол қызға суыққанды түрде пышақ жарақатын салған, басынан ауыр жарақат келтірген, жолдың ортасына тастап, үйіне барып ұйықтап қалған. Құқық қорғау органдары оны жылы төсегінен тапқан», – деді марқұмның анасы Динара Атаева.
Сот отырысына марқұмның туыстары келді. Ал сотталушы тарапынан залда оның өзі мен қорғаушылары ғана болды. Прокурор қыздың алған жарақаттарының жай-жапсарын 10 минут бойы баяндады.
Прокурордың айтуынша, Ділназ бірінші болып жігітті шапалақпен ұрған. Ол да жауап ретінде қызды ұрған, кейін пышақ қолданған. Алғашқы соққы мойын тұсына тиген. Қыздың айқайлап, көмекке шақыруынан қауіптенген сотталушы оның басынан екі рет ұрған. Бұл соққылар пышақтың сабымен жасалуы мүмкін.
Ділназ жерге құлағаннан кейін, ол пышақпен соққы жасауды жалғастырған. Кейін денеден құтылуға шешім қабылдап, оны біраз жерге сүйреген. Шаршаған соң қыздың денесін жолдың ортасына тастап кеткен.
« Бірінші жарақаттан 16-шы жарақатқа дейінгі зақымдар өткір және кескіш қасиеті бар қатты заттардың кемінде 12 рет әсер етуінен пайда болған. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты – «Адам өлтіруді», яғни басқа адамды құқыққа қайшы қасақана өлтіруді жасаған», – деді прокурор Евгений Краузе.
Сотталушы тарап пен прокурор залда БАҚ өкілдерінің болуын шектеуді сұрады. Олардың айтуынша, бұған сот барысында интимдік сипаттағы кейбір мәліметтердің айтылуы себеп болған.
Алайда марқұмның туыстары бұған келіспей, барлық сот отырысына БАҚ өкілдерінің қатысуына рұқсат беруді сұрады. Нәтижесінде журналистерге тек прокурордың сөзін жазып алуға рұқсат берілді. Ал келесі жолы олар сот үкімі жарияланған кезде ғана қатыса алады.
Ділназ Жұмағұлова 20 жаста болған. Ол отбасындағы жалғыз бала еді. Марқұмның туыстары қазір де істі «аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» бабына қайта саралауды сұрап отыр.