Жезқазғанда пәтерлерді тонаған «сантехник» қолға түсті
Сантехник болып таныстырған ер адам пәтерлерден ақша мен бағалы заттарды ұрлады деген күдікке ілінді
Жезқазғанда сантехник болып келген ер адам пәтерлерден ақша мен бағалы заттарды ұрлады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тергеу нұсқасына сәйкес, ол өзін сантехник ретінде таныстырып, құбырлар мен жабдықтарды тексеру сылтауымен пәтерлерге кірген. Сол жерде тұрғындардың назарын басқаға аударып, ақша мен бағалы заттарды ұрлады деген болжам бар», – деп мәлімдеді Ұлытау облысының прокуратурасы.
Жедел-тергеу шаралары барысында күдіктінің кім екені анықталып, ол ұсталды. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын, келтірілген шығын көлемін және ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды бейтаныс адамдардың өкілеттігін алдын ала тексермей, үйге кіргізбеуге шақырады. Күмән туындаған жағдайда тиісті коммуналдық ұйыммен байланысу қажет. Күдікті әрекеттер байқалған жағдайда дереу полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласу керек.