Павлодарда алимент қарызы бар азаматтар енді құмар ойын ойнай алмайды – прокуратура

Бұған Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне прокурорлық қадағалау актісінің енгізілуі себеп болды

Павлодарда алимент қарызы бар азаматтар енді құмар ойын ойнай алмайды – прокуратура
Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Павлодар облысының прокуратурасы алимент бойынша берешегі бар азаматтардың букмекерлік кеңселерде құмар ойындарға қатысып, бәс тіккенін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратураның мәліметінше, алимент бойынша қарызы бар 279 адам OLIMPBET-те ойын шоттарын оңай толықтырып, құмар ойындарға қатысқан. Олар шоттарына жалпы сомасы 600 млн теңгеден астам ақша салып, 415 млн теңгеден астам қаражатты ойыннан шығарып алған. Олардың ішіндегі 97-сі алимент төлеуден қасақана жалтарған.

Осыдан кейін облыс прокуратурасы Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне прокурорлық қадағалау актісін енгізді. Нәтижесінде алимент және басқа да міндеттемелері бойынша берешегі бар адамдардың букмекерлік кеңселерде бәс тігуіне жол бермеу үшін оларды Бірыңғай есепке алу жүйесі арқылы тексеру қолға алынды.

Бұл жүйе букмекерлік кеңселерде қабылданған барлық бәстер мен төленген ұтыстарды тіркейді. Сонымен қатар атқарушылық құжаттар бойынша берешегі бар азаматтарды анықтап, олардың құмар ойындарға қатысуына шектеу қоюға мүмкіндік береді. Қазір жеті букмекерлік кеңсе, оның ішінде OLIMPBET, Бірыңғай есепке алу жүйесіне толық қосылған. Тағы он букмекерлік кеңсе жүйеге қосылу туралы тиісті келісімдерге қол қойған.

Қабылданған шаралар алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтардың бәс тігуіне тосқауыл қойып, алимент өндіру туралы сот шешімдерінің орындалуын күшейтуге бағытталған.