Жетісу облысының тұрғыны есірткі сататын сайттарды жарнамалағаны үшін 3,5 жылға сотталды

Ол маркермен Балпық би ауылындағы қоршауларға, қақпаларға және электр желілерінің тіректеріне есірткі сайттарының сілтемелерін жазып отырған

Жетісу облысының тұрғыны есірткі сататын сайттарды жарнамалағаны үшін 3,5 жылға сотталды
Фото: ЖИ арқылы жасалды/ChatGPT

Жетісу облысында есірткі қылмысына қатысты кезекті сот үкімі шықты. Көксу аудандық соты қоғамдық орындарға есірткі сататын интернет-ресурстардың жарнамасын граффити арқылы түсірген жергілікті тұрғынды 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сот материалдарына сәйкес, К. есімді азамат заңсыз бизнесті ұйымдастырушылармен алдын ала келісіп, тыйым салынған ақпаратты таратуға келіскен. Ол маркермен Балпық би ауылындағы қоршауларға, қақпаларға және электр желілерінің тіректеріне есірткі сайттарына апаратын сілтемелерді жазып, кейін жұмысының нәтижесін кураторларына фото және орналасқан жерінің координаттарымен бірге жіберіп отырған.

Іс Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен қаралды. Сот айыпталушының әрекеті халықтың денсаулығы мен қоғамға қауіп төндіретін қылмыс екенін ескеріп, оған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Облыстық соттың апелляциялық алқасы алғашқы инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Прокуратураның мәліметінше, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау, оның ішінде граффити, әлеуметтік желідегі жазбалар мен мессенджерлер арқылы тарату да қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Бұл әрекеттер Қылмыстық кодекстің 299-1-бабында көзделген және нақты бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.