Қызылордада қылмыс өршіп тұр: соңғы екі жылда мемлекетке 66,5 млрд теңге залал келген

Одан бөлек мемлекетке келтірілген 30,1 млрд теңге залалды өндіріп алу бойынша жұмысы жалғасып жатыр

Қызылордада қылмыс өршіп тұр: соңғы екі жылда мемлекетке 66,5 млрд теңге залал келген
Фото: gov.kz

Соңғы екі жылда қаралған қылмыстық істердің нәтижесінде мемлекетке 66,5 млрд теңге залал келген, алайда оның 30,1 млрд теңгесі әлі де өтелмеген. Бас прокуратура жүргізген талдау бұл қаражаттың өндірілмеуіне, соның ішінде, уәкілетті мемлекеттік органдардың мемлекетке келтірілген залалды өтеу туралы сотқа тиісті талап қоюларды уақытылы бермеуі себеп болғанын көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Осыған байланысты прокуратура органдары мемлекетке келтірілген залалды өтеу және бюджетке тиесілі қаражатты қайтару бойынша шаралар қабылдады. Нәтижесінде прокурорлар жалпы сомасы 30,1 млрд теңгеге 27 талап қою, 6 ұсыну және 3 наразылық енгізіп, қабылданған шаралардың нәтижесінде 651 млн теңгені мемлекет кірісіне нақты өндіріп алды. Қалған залалды өтеу жөніндегі талаптар қазіргі уақытта соттарда қаралып жатыр.

Мемлекетке келтірілген залалды өндіріп алу бойынша жүргізілген жұмыстың бір мысалы Қызылорда облысында тіркелген. Тергеу барысында екі азаматтың ақпараттық жүйеге көрінеу жалған мәліметтер енгізіп, 63 автокөліктің техникалық құжаттарына өзгерістер енгізгені анықталған. Соның салдарынан 16 автокөлік бойынша бюджетке 115,3 млн теңге кедендік төлем, ал 63 көлікті бастапқы мемлекеттік тіркеу кезінде 460,6 млн теңге алым түспей қалған.

Прокуратура қабылдаған шаралардан кейін уәкілетті мемлекеттік орган сотқа талап арыз беріп, нәтижесінде 575,9 млн теңгені мемлекет пайдасына өндіріп алуға қол жеткізді. Осылайша, бюджетке түсуге тиіс қаражаттың мемлекетке қайтарылуы қамтамасыз етілді.

Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыс салдарынан мемлекетке келтірілген залалды анықтау ғана емес, оны нақты өндіріп, бюджетке қайтару да прокуратура органдарының негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді. Қазір өтелмеген 30,1 млрд теңге залалды өндіріп алу бойынша сот процестері жалғасып жатыр.