Түркістан облысының тұрғыны сәбиін өлтіргені үшін бас бостандығын шектеу жазасын алды
Әйел сәбиді даладағы әжетханада босанып, оны шұңқырға тастап, үстін топырақ пен таспен көміп кеткен
Түркістан облысының тұрғыны жаңа туған сәбиін өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Kazinform-ға сілтеме жасап.
Қылмыстық істі Сайрам аудандық соты қарады. Сотталушы Қазақстан Қылмыстық кодексінің 100-бабының екінші бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.
Сот әйелдің 2025 жылғы сәуірде жүкті болғанын анықтады. Ол жүктілігі туралы туыстарына айтпаған, медициналық есепке тұрмаған және тексеруден өтпеген.
2025 жылғы желтоқсанда Сайрам ауданындағы үйінде болған сотталушы жүктіліктің тоғызыншы айында ауладағы дала әжетханасында тірі сәби босанған.
«Босанғанын жасыру мақсатында және нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін ешқандай әрекет жасамай, ол жаңа туған сәбиді әжетхана шұңқырына қалдырып, үстін құм, топырақ және тастармен көміп кеткен», – делінген сот материалдарында.
Сот отырысы кезінде сотталушы кінәсін толық мойындады. Мемлекеттік айыптаушы оған екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
«Соттың 2026 жылғы 20 мамырдағы үкімімен Д. ҚР ҚК-нің 100-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», – деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот үкімі заңды күшіне енді.