Ірі алаяқтық үшін сотталып, жасырынып жүрген күдікті Семейде ұсталды
Пробациялық бақылау талаптарын бұзып, қаңтар айынан бері іздеуде жүрген азамат тергеу изоляторына қамалды
Семейде пробациялық бақылау талаптарын бұзып, іздеуде жүрген 36 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, ер адам аса ірі көлемдегі алаяқтық жасағаны үшін сотталып, сот шешімімен пробациялық бақылауда болған. Алайда қаңтар айында тұрғылықты мекенжайын өз бетінше тастап, жасырынып кеткен.
Іздеуде жүрген азаматты Семей қаласының полиция қызметкерлерінің қатысуымен жедел уәкілдер қолға түсірді.
«Іздестірудегі азамат ұсталып, Семей қаласындағы тергеу изоляторына қамалды. Жақын уақытта Павлодар қаласына этаппен жеткізіледі», – деді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Танжанов.
Полицияның мәліметінше, адамға іздеу жарияланғаннан кейін оның сыртқы келбеті мен ерекше белгілері көрсетілген бағдарлар барлық аумақтық бөлімшелер мен көршілес өңірлерге жолданады.