Екі күн бойы ішімдік ішіп, рөлге отырған: СҚО-да жол апатына кінәлі азамат сотталды
Мас жүргізуші басқарған көлік бірнеше рет аударылып, жолаушы оқиға орнында көз жұмды
Солтүстік Қазақстан облысында мас күйінде көлік жүргізіп, адам өліміне әкелген жол апатын жасаған ер адамға сот үкім шығарды. Жол апатынан оның бірге тұратын әйелі көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 10 мамыр күні кешке Петропавл – Долматово тасжолында болған. Сот анықтағандай, жолға шығар алдында ер адам екі күн бойы ішімдік ішкен. Көлікте оның бірге тұратын әйелі де болған.
Сот барысында айыпталушы алғашында сағатына шамамен 160 шақырым жылдамдықпен келе жатқанын айтты.
Оның сөзінше, жолдағы шұңқырды байқап, жылдамдығын шамамен 110 шақырымға дейін төмендетіп, кедергіні айналып өтпек болған. Алайда көлік жол жиегіне тиіп кетіп, жүргізуші басқаруды жоғалтып алған. Соның салдарынан көлік бірнеше рет аударылған.
«Көлік толық тоқтаған соң дөңгелегіне қайта тұрды. Мен сыртқа шығып, жерде жатқан бірге тұратын әйелімді көрдім. Ол кезде өмір белгілері байқалмады. Жәбірленушіден кешірім сұраймын, жасаған ісіме өкінемін», – деді айыпталушы сот отырысында.
Алған ауыр жарақаттарының салдарынан әйел оқиға орнында көз жұмды. Медициналық куәландыру кезінде жүргізушінің қанынан 1,85 промилле алкоголь анықталған.
Сот ер адамды мас күйінде жол қозғалысы ережесін бұзып, адам өліміне әкеп соқтырғаны үшін кінәлі деп таныды. Ол 3 жыл 6 ай мерзімге қоныс колониясына бас бостандығынан айырылып, 10 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.