Шымкенттегі Нұрай Серікбайдың өлімі: адвокаттар іс бойынша заң бұзушылықтар болғанын мәлімдеді
Жәбірленуші тарап істі қосымша тергеуге қайтарып, айыптаудың барлық баптарын сақтауды талап етіп отыр
Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс прокуратура қарауына жіберілді. Алайда жәбірленуші тарап тергеу барысында елеулі заң бұзушылықтарға жол берілгенін айтып, істі қайтадан қосымша тергеуге жіберуді талап етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Отырар ТВ» телеарнасының мәліметінше, өз үйінің жанында танысының қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс прокуратураға тапсырылған.
Бұл ақпаратты марқұмның ағасы мен жәбірленуші тараптың қорғаушысы растады. Дегенмен іс материалдарын толық қарап шыққаннан кейін марқұмның жақындары тергеудің қорытындысымен келіспейтіндерін жеткізді.
Олардың айтуынша, тергеу кезінде берген кейбір өтініштері мүлде қаралмаған. Бұдан бөлек, іс құжаттарынан бірқатар маңызды кемшілік анықталған. Сондықтан олар істі толықтыру үшін қайтадан тергеуге қайтаруды сұрап отыр.
«Іс материалдарын зерделегеннен кейін көптеген сұрақ туындады. Біз берген бірнеше өтінішхаттың қаралмағанын анықтадық. Сонымен қатар тергеу барысында елеулі кемшіліктер кеткен. Соның бәрін прокурорға жолдаған шағымымызда нақты көрсетіп, анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтаруды сұрадық. Бірақ бүгінге дейін бұл шағымымызға ешқандай жауап алған жоқпыз», – деді жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров.
Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайдың сөзінше, істің сотқа толық көлемде жетпеу қаупі бар. Қазіргі таңда 28 жастағы күдіктіге аса қатыгездікпен адам өлтіру, сталкинг және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айып тағылған.
Алайда жәбірленуші тарап прокуратура айыптау қорытындысынан сталкинг пен некеге тұруға мәжбүрлеу баптарын алып тастауы мүмкін деп қауіптенеді.
Осыған байланысты марқұмның туыстары Бас прокуратураға жүгініп, бұл істі ерекше бақылауға алуды сұраған.
«Біз Бас прокуратурадан осы істі жеке бақылауына алуды сұраймыз. Айыптау үш бап бойынша да – сталкинг, некеге тұруға мәжбүрлеу және аса қатыгездікпен адам өлтіру бойынша толық сақталуы қажет деп есептейміз. Іс материалдарын қарау барысында кейбір айыптау баптарының өзгертілуі немесе мүлде алынып тасталуы мүмкін деген қауіп бар. Бізді алаңдататыны да осы. Себебі прокуратура бекітетін айыптау қорытындысы кейінгі сот процесінің барысына тікелей ықпал етеді», – деді адвокат Аянхан Омаров.