Қазақстанда психологтардың қызметі заңмен реттеледі
Енді психологиялық көмек көрсету үшін мамандар мемлекеттік тізілімде тіркелуге міндетті болады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 шілдеде «Психологиялық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжат Қазақстанда алғаш рет психологиялық қызмет саласын кешенді түрде реттеп, психологтардың жұмысына бірыңғай талаптар енгізеді.
Заңда психологтардың құқықтық мәртебесі, құқықтары мен міндеттері айқындалып, кәсіби стандарттар, біліктілікке қойылатын талаптар, кәсіби әдеп қағидалары мен құпиялылық нормалары белгіленген. Сондай-ақ психологиялық және медициналық қызметтің ара-жігі нақтыланған.
Заңдағы басты жаңалықтардың бірі – психологтарды мемлекеттік тізілімде міндетті түрде тіркеу. Енді психологиялық көмекті тек кәсіби білімі бар және осы тізілімге енгізілген мамандар ғана көрсете алады. Мемлекеттік тізілімде жоқ психологтардың мұндай қызметті заңды түрде көрсетуіне жол берілмейді.
Бұдан бөлек, құжатта бірыңғай кәсіби стандарттарды сақтау, этикалық нормаларды міндетті түрде ұстану, клиенттердің құпия ақпаратын қорғау және психологтардың біліктілігін үздіксіз арттыру талаптары енгізілген.
Сондай-ақ заң психологиялық көмек көрсету барысында манипуляциялық тәсілдерді, психоактивті заттарды және адамның санасына әсер ететін әдістерді қолдануға тыйым салады.
Заңды әзірлеушілер бұған дейін бұл құжаттың мақсаты психологиялық қызмет көрсету нарығын шектеу емес, азаматтардың құқығын қорғау екенін атап өткен болатын. Жаңа нормалар халыққа психологиялық көмекті мемлекеттік тіркеуден өткен, білікті мамандар ғана көрсетуіне кепілдік беруге бағытталған.