Алматыда такси жүргізушісі үндістандық туристерден әуежайдан қалаға жеткізу үшін 150 доллар алған

Оқиғадан кейін жүргізуші жауапкершілікке тартылып, туристерге артық төленген ақша қайтарылды

Алматыда такси жүргізушісі үндістандық туристерден әуежайдан қалаға жеткізу үшін 150 доллар алған
Алматы ПД видеосынан скриншот

Алматы полицейлері халықаралық әуежайдан қаланың жоғарғы бөлігіне дейін жеткізу үшін такси жүргізушісіне заңсыз төлеген 150 АҚШ долларын Үндістаннан келген екі туристке қайтарып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

Полиция департаментінің мәліметінше, Үндістанның екі азаматы халықаралық әуежайдан қаланың жоғарғы бөлігіне дейін барғаннан кейін құқық қорғау органдарына жүгінген. Олардың айтуынша, такси жүргізушісі жолақы ретінде 150 АҚШ долларын талап етіп, қызмет құнын негізсіз бірнеше есе көтерген.

Туристердің шағымынан кейін полицейлер жүргізушінің жеке басын жедел анықтады. Заңсыз алынған ақша шетелдік азаматтарға толық көлемде қайтарылды.

Такси жүргізушісіне қатысты әкімшілік материал рәсімделді. Іс шешім қабылдау үшін Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотқа жолданды.

«Жолаушылардың, оның ішінде қалаға келген шетелдік қонақтардың есебінен заңсыз пайда табуға бағытталған кез келген әрекетке құқықтық тұрғыдан қатаң баға беріледі», – деп мәлімдеді Алматы қаласы полиция департаменті.

Сондай-ақ полиция өкілдері заңсыз әрекеттердің құрбаны болған азаматтарды 102 арнасына дереу хабарласуға шақырды.