Instagram арқылы миллиондаған теңге жымқырды деген күдікті Түркиядан Қазақстанға жеткізілді

Интерполдың сұрауымен Самсунда ұсталған ер адам Атыраудың екі тұрғынын алдап соқты деген күдікке ілінген.

Instagram арқылы миллиондаған теңге жымқырды деген күдікті Түркиядан Қазақстанға жеткізілді
Фото: © istockphoto.com

19 маусым күні алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген ер адам Түркиядан Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Polisia.kz мәліметінше, күдікті Қазақстан ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Түркияның Самсун қаласында ұсталған. Оны елге қайтару жұмыстарына Қазақстан ІІМ-нің Түркиядағы өкілі мен Қазақстанның Түркиядағы елшілігі атсалысқан.

«Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті 2024 жылдың қыркүйегі мен желтоқсаны аралығында ақпараттық жүйелер мен Instagram әлеуметтік желісіндегі аккаунтын пайдаланып, алдау жолымен Атырау қаласының екі тұрғынынан 3 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген», – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.

Қазіргі уақытта күдікті Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.