«8-қабаттан секірмек болған»: Астанада полицей өзіне қол жұмсамақ болған әйелді құтқарып қалды (ВИДЕО)

Қазіргі уақытта әйелдің өміріне де, денсаулығына да қауіп төніп тұрған жоқ

«8-қабаттан секірмек болған»: Астанада полицей өзіне қол жұмсамақ болған әйелді құтқарып қалды (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Астанада учаскелік полиция инспекторы көпқабатты тұрғын үйдің сегізінші қабатындағы балконнан құлап кетудің алдында тұрған әйелді аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға туралы қала тұрғындарының бірі полицияға дереу хабар берген. Оның айтуынша, әйел сегізінші қабаттағы балкон қоршауының сыртында тұрған. Полицияға хабар түскеннен кейін ақпарат осы аумаққа жауапты учаскелік инспекторға жолданған.

Учаскелік полиция инспекторы Рахметолла Нұрымов оқиға орнына санаулы минут ішінде жеткен. Алдымен ол сырттан әйелмен сөйлесіп, байланыс орнатуға тырысқан. Полицей әйелді сабырға шақырып, оның назарын басқа жаққа аударып, уақыт ұтуға әрекет жасаған. Кейін сегізінші қабатқа көтерілген инспектор қолайлы сәтті пайдаланып, әйелді балконның сыртқы жағынан қауіпсіз жерге тартып шығарған.

Полицияның мәліметінше, қазіргі уақытта әйелдің өміріне де, денсаулығына да қауіп төніп тұрған жоқ. Рахметолла Нұрымовтың айтуынша, мұндай жағдайда ең бастысы – адаммен байланыс орнатып, оның сеніміне кіру.

«Оқиға орнына жеткенде әйел қатты күйзелісте болды. Сондықтан алдымен онымен сөйлесуге, сабырға шақыруға тырыстым. Мұндай сәтте әр сөздің салмағы бар. Ең басты мақсат – адамның өмірін сақтап қалу», – дейді учаскелік инспектор.

Оның сөзінше, хабарлама түскен сәтте ол жақын маңдағы полицияның тірек пунктінде болған. Соның арқасында оқиға орнына жедел жетіп, дер кезінде көмек көрсету мүмкіндігі туған.

Полиция қызметкерлері мұндай жағдайларда уақыттың әр минуты маңызды екенін атап өтті. Ал учаскелік инспектордың жедел әрекеті мен кәсіби дайындығы қайғылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндік берген.