Павлодарда жарнама билбордына соғылған жүргізуші төрт жылға сотталды

Одан бөлек айыпталушы өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды

Павлодарда жарнама билбордына соғылған жүргізуші төрт жылға сотталды
Фото: istockphoto.com

Павлодарда мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатына себеп болған жүргізушіге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Қаланың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты 29 жастағы ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың мамыр айында болған. Toyota Land Cruiser көлігін басқарған жүргізуші полицияның тоқтау туралы талабына бағынбай, кейін жарнамалық билбордқа соғылған. Сараптама оның мас күйінде болғанын анықтаған.

Сот үкімімен айыпталушы өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ. Бұл іс жол қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзу мен мас күйінде көлік басқарудың салдары қандай болатынын тағы бір мәрте көрсетіп отыр.