Заңды бірнеше рет бұзса да шетел азаматы Қазақстаннан кетпей қойған – оның тағдырын сот шешті

Оған Кассациялық сот елде қалуға мүмкіндік берді

Заңды бірнеше рет бұзса да шетел азаматы Қазақстаннан кетпей қойған – оның тағдырын сот шешті
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда заң бұзғанына қарамастан, шетел азаматы елде қалу құқығына ие болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Қырғызстан азаматы А. ұзақ уақыт Қазақстанда тұрған. Осы уақыт аралығында ол біреудің денсаулығына зиян келтірген, кейін басқа да құқықбұзушылық жасаған. Бұдан бөлек, көші-қон заңнамасын бірнеше рет бұзып, тіркеусіз және тиісті құжаттарсыз өмір сүрген. Сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке де тартылған.

Аудандық сот оны осындай заң талаптарын бірнеше рет бұзғаны үшін Қазақстаннан шығару туралы шешім қабылдаған. Алайда Кассациялық сот істі қайта қарап, шетелдікті елден шығару мәселесінде құқықбұзушылықтың сипаты мен ауырлығын, кінәсінің деңгейін, сондай-ақ отбасылық жағдайын ескеру қажет екенін атап өтті. Соттың ұстанымынша, мұндай шешім адамның құқықтары мен қоғам мүддесінің тепе-теңдігін сақтауға негізделуі тиіс.

Іс материалдарына сәйкес, А.-ның Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар, ол шаруа қожалығында жұмыс істейді. Сонымен қатар анасымен, азаматтық жұбайымен және бірінші некеден туған екі кәмелетке толмаған баласымен бірге тұрады.

Осы мән-жайларды ескерген Кассациялық сот бірінші инстанцияның шешімін жойып, шетел азаматына Қазақстанда қалуға мүмкіндік берді.