Астанада балта ұстаған мас ер адам тұрғындардың зәресін ұшырды
Полиция 31 жастағы ер адамды ұстап, сот шешімімен 15 тәулікке қамады
Астанада полицейлер елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің тұрғындарын шошытқан 31 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол подъезде балта ұстап ары-бері жүріп, жұрттың зәресін алған. Тұрғынның оғаш әрекеті туралы хабарламалар мен оқиға орнынан түсірілген кадрлар бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған.
Елорда полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, тәртіп сақшылары құқық бұзушының жеке басын жедел анықтап, оны бөлімшеге жеткізген.
Белгілі болғандай, оқиға ұсталған азаматтың танысының пәтерінде болған. Сол сәтте пәтерде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Ер адамдар бірге ішімдік ішкеннен кейін қонақ агрессия танытып, қолына құрылыс құралын алған.
«Полиция қызметкерлері оның заңға қайшы әрекеттерінің жолын кесті. Кейін подъезде жүрген кезінде әйнекті сындырып, соның салдарынан өзі кесілген жарақат алды. Оған медициналық көмек көрсетілді. Басқа ешкім зардап шеккен жоқ», – деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.
Қоғамдық орында мас күйінде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ер адамға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Қазір құқық бұзушы Астана қаласы ПД арнайы қабылдау орнына қамалған.