$ 522.19  606.42  6.47
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Уәдесінде тұрды»: Тибо Куртуа өзі келмесе де, Астанадағы жанкүйеріне қолғабын беріп жіберген

Ол қақпашы қолғаптарының коллекциясын жинаған

«Уәдесінде тұрды»: Тибо Куртуа өзі келмесе де, Астанадағы жанкүйеріне қолғабын беріп жіберген
Фото: https://www.instagram.com/evrikadabra/

Астанада өткен «Қазақстан-Бельгия» матчына жарақатына байланысты келе алмаған бельгиялық қақпашы Тибо Куртуа өзінің қолғабын қазақстандық жанкүйері, журналист Сейіл Қожатайға арнайы беріп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен қақпашылардың қолғаптарын жинайтын әдетім бар еді. 2019 жылы Бельгия құрамасы Астанаға келгенде матч алдында батылым жетіп, Куртуадан қолғабын сұрағанмын. Ол еш пафоссыз: «ренжімеші, бір жанкүйеріме уәде беріп қойып едім» деп жауап берді. «Жарайды» деп қоя салдым. Жауабының өзінен-ақ қарапайымдылықтың лебі сезіліп тұрды. Арада алты жыл өтті. 2025 жылдың қыркүйегінде Бельгияға тағы жолымыз түсті. Брюссельдегі кездесуде бір бағымды сынап, «Тибо, 2019 жылдан бері қолғабыңды күтіп жүр едім. Осы жолы бере аласың ба қолғабыңды?» деп қалжың аралас сұрау салдым. Ол да таңғалып: «Қойшы, рас па? Сәл ертерек айтқаныңда… Тибо да менің көңілсіз әрекетімді байқап: «мен саған онда Астанадағы ойында берейін» деді. Мен де сенгендей болдым, бірақ ішімнен «бәрібір ұмытып кетеді ғой» деген ой болды», - деді Сейіл Қожатай.

Ол Астанадағы матчқа санаулы күндер қалғанда Куртуа жарақат алып, Қазақстанға келмейді деген жаңалық жария етілгенде үміті су сепкендей басылған.

«Ал Тибо болса не істеді десеңші? Берген уәдесін ұмытпай, командасының қауіпсіздік офицері Руди деген кісі арқылы қолғабын беріп жіберді. Руди де мен үшін бейтаныс емес. Жұмыс барысында Бельгияда таныстық орнатқанбыз. Матч кезінде әңгемелесіп тұрған сәтімізді Куртуа да байқап, Рудиге сенім білдіргенін топшыладым. 14 қараша күні Астана-аренадағы ойын алды жаттығуда Рудидың стадиондағы алғашқы жұмысы Бельгия құрамасының ойыншыларын қорғау емес, мені іздеуден басталды. Бір-бірімізді жолықтырған сәтте Руди: «өткенде Тибо саған қолғабын естелікке беру туралы уәде беріпті ғой - мінекей» деп, COURTOIS деген жазуы бар қап-қара қолғабын қолыма ұстатты. Міне, жарақаты салдарынан Қазақстанға жолы түспеген тау тұлғалы Тибоның уәдеге берік екенін көргенде қалай ерекше құрметтемейсің», - дейді ол.

Журналист атағандай, осындай сәттер Тибоның қандай жан екенін айқын көрсетеді.

«Атағы асқақ болса да, мінезі қарапайым. Сөзіне берік, айналасындағы адамдарды құрметтей білетін нағыз үлгі тұтар азамат», - деді ол.

Еске салсақ, 15 қарашада Қазақстан-Бельгия құрамасының матчы өтті. Ойын 1:1 есебімен аяқталған еді.

Серіктес жаңалықтары