Сурдлимпиада 2025: алғашқы жарыс күнінде ел қоржынына 4 медаль түсті
Жарыстың келесі күні ауыр салмақтарда 8 қазақстандық спортшы ел намысын қорғайды
Сурдлимпиада ойындары аясында дзюдодан өткен жарыста қазақстандық спортшылар ел қоржынына 2 алтын және 2 қола медаль салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының мәліметінше, Хамзе Ғұлама 66 кг салмақ дәрежесінде финалда алжирлік Бухидель Абдеррахманды иппонмен жеңіп, алтын медальді иеленді. Бұл салмақтағы қола жүлде Иран мен Оңтүстік Корея спортшыларына бұйырды. 
«Ал 73 кг салмақта Шадияр Қуандық ақтық сында Оңтүстік Корея спортшысы Хванг Хёндіде иппонмен жеңіп, чемпион атанды. Қола жүлделер Украина және Жапон спортшыларына бұйырды», - деп жазылған хабарламада.
60 кг салмақта Алтынбек Кәкітаев пен 48 кг Айым Жетпісбаева жұбаныш белдесулердің қортындасы бойынша қола жүлдегер атанды.
Жарыстың келесі күні ауыр салмақтарда 8 қазақстандық спортшы ел намысын қорғайды.
Сондай-ақ бүгін бадминтоннан ұлттық құрама спортышлары жекелей сында өнер көрсетті. Спортшылар алғашқы матчта қарсыластарына есе жіберді.
Айта кетсек, XXV жазғы Сурдлимпиада ойындары 15-26 қараша аралығында өтеді. Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға 81 елден 3000-ға жуық спортшы қатысып, 21 спорт түрінен бақ сынайды. Қазақстан ұлттық құрамасы 78 спортшыдан құралған және 8 спорт түрінен ел намысын қорғайды.