Жас спортшының өліміне не себеп болғаны әлі күнге дейін белгісіз
Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория «Хан-Тәңірі» футбол клубының шабуылшысы Диас Төлеудің өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір өлім себебі анықталып жатыр.
«Бұл біз үшін орны толмас қайғы, себебі ол бала сап-сау болған, өзін жақсы сезінген. Тіпті видеодан көргеніміздей, оны зембілмен алып шыққанда да есін білетін, өзін жай ғана жайсыз сезінген. Өкінішке қарай, жігіттер медициналық тексерістен толық өтсе де, әлемде мұндай жағдайлар жиі болып жүр. Неліктен бұлай болатынын анықтау қажет. Нақты ақпарат белгілі болған соң, біз сіздерге хабарлаймыз», — деді Давид Лория Үкімет кулуарында.
Естеріңізге салайық, 16 қазан күні Алматыда «Хан-Тәңірі» футбол клубының шабуылшысы Диас Төлеу мезгілсіз өмірден өтті. Матч кезінде жас футболшының жағдайы күрт нашарлап, артынша көз жұмған.