Жамбыл ауданында грек-рим күресінен турнир өтті
Жарысты ауылдың ардагерлері мен тұрғындары тамашалады

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері Жамбыл Серғазыұлы Тәсеменовтің 80 жылдық мерейтойына арналған ашық аудандық грек-рим күресінен турнирдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасов өңірде спортты дамытуға айрықша назар аударылатынын атап өтті.
«Жамбыл ауданы спортты дамытуға ерекше мән береді. Бұл турнир – жас ұрпаққа үлгі көрсеткен ардақты азаматқа деген құрметтің белгісі. Спорт – елдің болашағына салынған инвестиция, ал жастарымыздың табысы – ауданның мақтанышы», – деді Азамат Бектасов.
Сонымен қатар аудан басшысы Жамбыл Серғазыұлының күрес өнерін дамытуға қосқан еңбегін жоғары бағалап, мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр мен зор денсаулық тіледі.
Турнир барысында жас спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп, әділ тартыста бақ сынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жасөспірімдер арасында спортқа қызығушылықты арттырып, аудандағы спорттық дәстүрдің жалғасын табуына ықпал етеді.
Анықтама үшін
Жамбыл Серғазыұлы Тәсеменов – Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері, грек-рим күресін дамытуға зор үлес қосқан ұстаз әрі жаттықтырушы. Ол ұзақ жылдар бойы жас спортшыларды тәрбиелеп, аудан мен облысқа көптеген жеңімпаздар мен чемпиондар сыйлады. Өмірін спортқа арнап, елдің болашағы үшін аянбай еңбек еткен тұлға ретінде кеңінен танымал.
Жамбыл ауданы – Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі аудандардың бірі. 1939 жылы құрылған. Аудан орталығы — Пресновка ауылы. Бүгінде мұнда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, спорт пен мәдениет саласына да ерекше көңіл бөлініп келеді. Жергілікті жастардың түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жетістіктерге жетуі – ауданның спортты дамытуға айрықша көңіл бөлетінін көрсетеді.