«Үш рет солай болды»: белгілі қазақ боксшысы өз басынан өткен «күлкілі» оқиғаны баяндап берді
Бұл мәселені журналистер айтпаса, спортшылар айта алмайды, дейді Абылайхан Жүсіпов

Бокстан әлемнің үш дүркін жүлдегері, Азия чемпионы Абылайхан Жүсіпов «Бірінші бол» YouTube арнасының подкастында әкімдер уәде еткен үйді ала алмағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мұндай жағдайлар басымнан көп өткен. Барасың, жарыста ұтасың. Келгеннен кейін келесі жарысты ұтсаң, пәтер береміз дейді. Жақсы деп, құлшынып, келесі жарысты ұтып келсең басқа әкім отырады. Айтсаң күлкілі нәрсе. Өмірімде үш рет жарысқа барып, үш рет әкім ауысып кеткен жағдайлар болды. Оны қазір ашып айтып отырмайсың. Сол нәрсені журналистер көрсетіп, айтпаса, спортшылар оны айта алмайды. Жалпы қазіргі боксшылардың бәріне айтарым – босамау керек. Бір жарысты ұтып, жинайтын көрімдікті жинап, үкіметтен алатын сыйақыны алып, босаңсып кетуге болмайды», - дейді Абылайхан Жүсіпов.
Ол спортшының түпкі мақсаты ақша болмауға тиіс деп санайды.
«Мақсатың ақша болса, сен бірінші жарысты ұтқаннан кейін құлдырайсың. Әлемде спортта жүрген қаншама бай жігіттер бар. Олар спортты тастаса, өздері түгілі немерелеріне дейін ақшалары жетеді. Бірақ түпкі мақсат ақша болмай тұр. Біздің жігіттерге де өмірде із қалдыратын, тарихта қалатын ұлы мақсат керек», - дейді боксшы.