$ 543.24  619.89  6.78
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.06.2025, 23:59
Спорт

Қазақстандық шахматшылар әлем чемпионатында 4 медаль жеңіп алды

Еліміздің атынан KazChess, Barys.kz және Rookies атты үш команда қатысты

Қазақстандық шахматшылар әлем чемпионатында 4 медаль жеңіп алды
Фото: freepik.com

Қазақстандық шахматшылар Лондонда өтіп жатқан командалық әлем чемпионатында төрт медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұрақын ерекше көзге түсті

Меруерт Камалиденова мен Ислам Айтен күміс медаль алса, Ринат Жұмабаев пен 10 жасар Сүлеймен Нұрақын қола жүлдені қанжығасына байлады.

Қазақстанның намысын KazChess, Barys.kz және Rookies атты үш команда қорғады.

«Бірінші тақтада ойнаған Barys.kz командасының көшбасшысы Қазыбек Нөгербек 12 ұпайдан 8 ұпай жинап, әлемнің ең мықты гроссмейстерлермен ойында тамаша шеберлік көрсетті», - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ әлі 11-ге де толмаған команданың жас ойыншысы Сүлеймен Нұрақын да ерекше көзге түсті. Ол мүмкін 12 ұпайдан 8½  ұпай жинады. Сонымен қатар партиялардың бірінде біздің Денис Махнев Hexamind Chess Team жұлдызы Леньер Домингес Пересті (2708) жеңді.

«KazChess командасы медаль есебіне айтулы үлес қосты: Меруерт Камалиденова әйелдер тақтасында, ал Ислам Айтен әуесқой тақтасында күміс медаль жеңіп алды. Rookies командасы атақты ойыншылардан құралған ұжымдармен тең дәрежеде жарысты», - деп хабарлады федерация.

Мысалы, рапид пен блицтен 18 жасқа дейінгілер арасындағы 2025 жылғы әлем чемпионы Ерғали Сүлеймен (2336) Team Hungary командасының тәжірибелі ойыншысы венгр Чаба Балогты (2609) жеңді.

Үндістан командасы жеңімпаз атанды

Рапид пен блиц бойынша командалық әлем чемпионаты (2025 FIDE World Rapid & Blitz Team Championships) 10-16 маусым аралығында Лондонда өтіп жатыр. Бұл турнир үшінші рет ұйымдастырылып отыр:

  • 2023 жылы Германияда,
  •  2024 жылы Қазақстанда өткен болатын.

Биыл Ұлыбритания астанасына әлемнің 52 командасы жиналды. Рапид ойындары 15+10 форматында алты тақтада өтті, осы орайда қойылған міндетті шарт – жарысқа әйел және рейтингі 2000-нан төмен әуесқой шахматшы қатысуы керек.

«Үндістанның Team MGD1 командасы жеңімпаз атанды. Олар үшінші ойын күні барлық қарсыластарынан басым түсіп, ең мықты интернационалдық команда – Hexamind Chess Team ұжымын басып озды. Қола жүлдені Freedom командасы алды, оның құрамында бұрынғы әлем чемпионы Вишванатан Ананд ойнап жатыр», - делінген хабарламада.

Енді командалар блицке ауысады. KazChess және Barys.kz командары — D тобында, Rookies С тобында ойнайды. Қарсыластарының арасында Өзбекстан мен Германияның рапидтегі жеңімпаздары мен фавориттері бар.

Серіктес жаңалықтары