БҚО-да ардагер параспортшы 80 шақырым жерді жаяу жүріп өтті
Аймақ басшылығы 79 жастағы спортшыға алғыс хат табыстады

Батыс Қазақстан облысында мүгедектер спортының дамуына елеулі үлес қосқан ардагер параспортшы, Құбайдолла Хасанов Жеңістің 80 жылдығына орай 80 шақырым жерді жаяу жүріп өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, 79 жастағы спортшы күн сайын 10 шақырым жаяу жүріп, сегіз күнде марафонын айқтаған. Аяғындағы жарақатына қарамастан (III топ мүгедегі) осынша шақырымды еңсерген Құбайдолла Хасановтың бұл әрекеті — шынайы ерлік пен рухтың айқын көрінісі.
«Осыған орай, 2025 жылғы 8 мамырда Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Бақдәулет Сәбитов ардагер спортшыны арнайы қабылдап, оған алғыс хат табыстады. Басқарма басшысы Құбайдолла Хасановтың бұл бастамасы жастарға үлгі, ел спортына қосқан өлшеусіз еңбегі екенін атап өтті», - деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.
Құбайдолла Хасанов 1946 жылы Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы, Петров ауылында туған. Пара пауэрлифтингтен 2 дүркін Азия чемпионы, сондай-ақ өңірдегі параспорт қозғалысының дамуына белсенді түрде үлес қосып келе жатқан тұлға. Ол өзінің саналы ғұмырын ел спорты мен салауатты өмір салтын насихаттауға арнаған.