Қостанайдың «Тобылы» беларусь футболшысына 1 минут ойыны үшін 80 мың теңге төлейтін болды
Тәуелсіз орган осындай шешім шығарды

Лозаннадағы (Швейцария) спорттық төрелік соты Гродно қаласының тумасы Павел Забелин атты футболшы мен Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы арасындағы істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 12 шілдесінде Беларусь құрамасының жартылай қорғаушысы Қазақстанның ең атақты командаларының біріне 1,5 жылға келісімшартпен жұмысқа тұрған. Павел Забелин «Тобыл» командасының атынан Қазақстан чемпионатында 10 матч өткізген. Минутпен санағанда, Павел Забелин «Тобыл» үшін 818 минут ойнаған.
Еліміздің премьер-лигасында ол Павлодардың «Ақсуына» қарсы жақсы ойын көрсетіп, көзге түскен. Алайда, Қостанай клубының басшылары Беларусь футболшысымен арадағы еңбекшартын біржақты тәртіпте үзу туралы шешім қабылдаған. Бұған келіспеген Павел Забелин ФИФА дауларын шешу үшін палатаға шағым түсірген екен.Тәуелсіз орган Қостанайдың «Тобыл» футбол командасын Беларусь ойыншысына 66 112 606 теңге төлеуге міндеттеген. Алайда, Қазақстанның футбол клубы бұл үкіммен келіспей, Лозаннадағы Спорттық төрелік сотына жүгінбек.
«Дядя Ваня» telegram каналы хабарлағандай, ФИФА барлық құжат мұқият зерделеп, барлық бонус пен келісімшарттың қалдық сомасын ескере отыра, футболшы «Тобыл» клубынан негізі 99 234 831 теңге (199 мың доллар) өндіріп алуға құқығы бар екенін айтты.
Бірақ спортшы қаржыны аталған сомадан аз мөлшерде талап етсе, сол сома төленеді. Осылайша, ФИФА-ның құқықтық мәселелер және ережелерді сақтау жөніндегі бас қызметкері Эмилио Гарсия Сильверо«жауапкер талапкерге жылдық 5% мөлшерінде 66 112 606,45 теңге және пайыз төлеуі керек» деген шешім шығарған.